Сараланған тарифті қайтару қажет

563

Мәжілісте осындай бастама көтерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сараланған тарифті қайтару қажет

Депутат Жамбыл Ахметбеков тәулік бойынша электр энергиясына сараланған тарифті қолданысқа қайта енгізуді ұсынды. Оның сөзінше, бұл шара шағын және орта бизнес өкілдері мен қарапайым азаматтарға тиімді болады.

Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше жыл бұрын үкіметтің бастамасымен "Электр энергиясы туралы" заңға түзету енгізіліп, сараланған тариф жойылды.

"Сараланған тарифтің жойылуы салдарынан тұтынушылар, оның ішінде шағын және орта бизнес шығын шеге бастады. Электр энергиясының профицитіне қарамастан, елде қуат көзінің бағасы қымбаттай беретін жағдай қалыптасты. Бүгінгі таңда электр энергиясының қымбаттығынан ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілер мен ауыл тұрғындары қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Біз 2011 жылдан бастап қолданыста болған сараланған тарифке қайта оралу қажет деп санаймыз. Себебі тарифтің бұл түрі өзін-өзі ақтады", – деді депутат.

Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, сараланған тариф энергия жүйесіндегі жүктеменің тәуліктік кестесін теңестірді. Көптеген компаниялар мен кәсіпорындар 3 сатылы жұмыс тәртібіне көшу үшін қажетті жабдық пен қымбат есептеу құралдарын сатып алды. Бірқатар кәсіпорындар бизнес-процесті түнгі уақытқа ауыстырды. Осылайша электр энергиясын пайдалану коэффициенті жақсарып, станциялардың мүмкіндігі артты. Қуат көзін кешкі уақытта тұтыну төмендеп, түнде қолдану көрсеткіші көбейді.

"Сараланған тариф салаға инвестиция тарту тәсілін жеңілдетеді. Бұл инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Ал тапсырыс беруші электр энергиясының нақты бағасын біліп отырады. Нәтижесінде келіссөз жүргізу оңай болады", – деді депутат.

Қанат Махамбет  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу