Жаңадан тағайындалған әкім бұрын Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Жаңа қала басшысын қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Депутаттар кандидатураны мақұлдады.
Саран басшысына қаланы дамытудың басым міндеттері белгіленді.
Дарын Бұлқайыр 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласында қызмет атқарып келеді. Қарағанды қаласы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
2013 жылдан 2015 жылға дейін "Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі" ММ бас маманы, басшысының орынбасары болды.
Содан кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында — бас маман-заңгер, бюджетті атқару бөлімінің бас маманы, мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.
2017 жылдан 2021 жылға дейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2021 жылдан 2023 жылдың шілдесіне дейін Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасын басқарды.
2023 жылдың шілдесінен бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.
Айта кетейік, бұған дейін Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына жаппай шағымданған болатын.
Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Комиссия құрамына энергия қадағалау саласының және тиісті органдардың өкілдері кірді. Алмасадам Сәтқалиев Сарандағы қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады.
28 қазанда аппараттық жиналыста Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.
29 қазанда Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылды.