Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
"Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін менің бірінші орынбасарыма ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады", – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.
Саран қаласының әкімі Еркін Баулықовтың айтуынша, қалада барлық жергілікті қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр, отын қоры қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, осыған дейін Сарандағы жылу туралы жалған ақпарат берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын жазғанбыз.