Сарапшы елорда көшелеріндегі атаулы орындықтарды коммерциялауды ұсынды

888

Сарапшы елорда көшелеріндегі атаулы орындықтарды коммерциялауды ұсынды

Астанада көшелеріне атаулы орындықтарды коммерциялау мүмкіндігі туралы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығының сарапшысы Арыстан Дидар айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Өткен жылдан бері Астанада атаулы орындықтарды орнату басталды. Қаладағы алғашқы мемориалдық орындық Есіл өзенінің жағасында Кенесары ханның ескерткішінің жанына орнатылды. Бүгінгі күні елордада осындай 12 орындық орнатылды. Оның 10-ы Сарыарқа, ал екеуі Есіл ауданында.

Арыстан Дидардың айтуынша, Лондондағы Гайд-паркте 1000 фунт стерлинг төлеп 10 жыл мерзімге мемориалды орындық орнатуға болады. Уақыты өткен соң орындыққа басқа меценаттың есімі жазылуы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда орындық тек отыру үшін емес, жарнама орналастырудың жаңа тәсілін атқарады. Ангияның тәжірибесі жобаны коммерцияландыруға болатынын көрсетіп отыр.

Сарапшының пікірінше, суретшілер мен музыканттар және басқа да шығармашылық тұлғаларды тарту орталығына айналған Есіл өзенінің жағалауын қоғамдастық пен бизнестің көмегімен тематикалық орындықтар аллеясына айналдыруға болады. Кәсіпкерлік үшін жарнама, қаланың сәулеттік келбеті мен туристік имиджін арттыру үшін аталған бастама таптырмас мүмкіндік. Сол сияқты қала тұрғындары мен қонақтарына туған-туыстары мен дос-жарандарына атаулы орындықты сыйға тарту ерекше сыйлыққа айналады.

Урбанистика орталығының сәулетшісі, жобаны үйлестірумен айналысатын Толқын Сағалованың айтуынша, біздегі жүйе басқаша жұмыс істейді.

"Біздегі жағдай басқаша. Орындық белгілі бір адамның өндіруші мен жеткізушіге оның бағасын төлеген соң ғана орнатылады. Анау айтқандай коммерцияландыру, қала үшін ақшалай кіріс жоқ. Тек басты артықшылығы қала тұрғындардан өз балансына қосымша орындыққа ие болады", - деді ол. Бұған қоса ол елордадағы орындықтардың "иесі" өзгермейтінін, яғни пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін белгілі бір адамның атымен аталатынын айтты. Урбанистика орталығы "Астана тарихында өз атынды қалдыр" атты қайырымдылық марафонын үйлестірумен айналысады. Орталық жұмысына келіп түскен өтінімдерді рәсімдеу, орындықтың орналасу жерін таңдау және оған жазылатын мәтіннің сөзіне нұсқаулық беру кіреді. Ал орындықтың қаржы мәселесін тапсырыс беруші оны жеткізумен айналысатын компаниямен бірлесіп шешеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу