Сарапшы сот процесінде 16 жастағы Шерзат мәйітіндегі жарақаттарды тізіп шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінгі сот отырысында прокурорлар мемлекеттік сот сарапшысы Мұхит Оразбекұлынан баланың нақты қандай жарақаттан өлгенін сұрап, сұрақ қойды.
– Мен зерттеу жүргізген кезде сол жақ кеуде қуысына еніп, шаншылған, кесілген жарақат анықталды. Аталған жарақаттар артқы қолтық асты сызығының арасында орналасқан, 5 және 6-шы қабырғалардың ортасынан табылды. Сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін жарақаттаған. Сыртқы жарақаттың көлемі – 2 сантиметр. Жара арнасы бағыты арттан алдына қарай, солдан оңға қарай, біршама жоғарыдан төменге қарай орналасқан. Жарақат арнасының тереңдігі – 12 сантиметр, – деді сот сарапшысы.
Оның айтуынша, баланың оң көзінің асты да қанталаған.
– Оң қолының сыртқы саусақтарының ортасында қанталау бар. Көзінің астында жарақаттар бар. Оң жақ иығында екі көгерген жер бар. Сол қолындағы саусақта бір сызат бар. Желкесінің сол жағында қанталау болды. Басқа жарақат болған жоқ. Тікелей қазаға ұшырауына (Шерзат Полаттың) сол жақ кеуде қуысына шаншыла кесілген жарақат әсер еткен, – деді ол.