Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылы сараптамалық қоғамдастық арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады, деп жазады inbusiness.kz.
Сауалнамаға Қазақстанда макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 12 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді.
Макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары жоқ. Ол ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуы туралы нарықтың кәсіби қатысушыларының дербес пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу дегенді білдіреді.
"2022 жылғы қарашада жүргізілген соңғы сауалнамадан бері респонденттердің болжамы өзгеріске ұшыраған. Сонымен қатар Қазақстанның макрокөрсеткіштерінің 2025 жылға арналған болжамдары қосылды.
2023 жылға мұнай бағасы бойынша болжамдар төмендеу жағына қарай қайта қаралды. 2024 жылы мұнай бағасы жоғарырақ деңгейде күтілуде. Алайда, болжам диапазоны айтарлықтай кеңейген. Бұл – мұнай нарығының даму перспективаларына қатысты сауалнамаға қатысушылардың жоғары белгісіздігін білдіреді", – деп жазылған хабарламада.
Тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты бойынша болжамдар жоғарылады. Ал Қазақстан экономикасының өсуі бойынша күтулер аса өзгермеген.
"Сарапшылар 2023 жылы инфляцияны алдыңғы бағалаулармен (11,2%) салыстырғанда жоғарырақ деңгейде күтеді (медианалық көрсеткіш – 11,8%). 2024 жылға арналған болжам 8% деңгейінде сақталып отыр. Сарапшылар 2025 жылы инфляцияның 7%-ға дейін баяу төмендейді деп кутеді. 2023 және 2024 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулер сәйкесінше жылдық орташа шамамен 15,5% және 11,4%-ға дейін өсті. Осылайша, нарық қатысушылары базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде ұзағырақ сақталып, келешекте ол баяу төмендейді деп күтеді", – деп хабарлады бас банк.