Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылы сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнаманың кезекті нәтижесін жариялады.
Сауалнамаға Қазақстанда макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 12 ұйым қатысты.
Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді.
Макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамы жоқ екенін атап өткен жөн.
Ол ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуы туралы нарықтың кәсіби қатысушыларының дербес пікіріне, бағалауына және күтулеріне шолудан тұрады.
Респонденттердің болжамы 2023 жылдың ақпан айында жүргізілген соңғы сауалнамадан кейін біршама өзгерген.
Тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты бойынша болжамдар төмендеді. Қазақстан экономикасының өсуі мен мұнай бағасына қатысты күтулер өзгеріссіз қалды.
Сарапшылар инфляцияны алдыңғы бағалаулармен салыстырғанда 2023-2025 жылдары жоғарырақ деңгейде күтеді. 2023 жылы респонденттер инфляцияны 12,2% (ақпанда – 11,8%), 2024 жылы – 8,8% (8,0%) және 2025 жылы – 7,2% (7,0%) деңгейінде болжайды.
Сөйтіп, 2023 және 2024 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулер жылына орта есеппен тиісінше 15,7%-ға (15,5%) және 11,7%-ға (11,4%) дейін өсті. 2025 жылы базалық мөлшерлеме 9,0% деңгейінде болжанады. Бұл алдыңғы бағалаулардан сәл төмен. Осылайша, нарыққа қатысушылар жоғары базалық мөлшерлеменің сақталатынын және перспективада оның баяу төмендейтінін күтеді.