Іс-шара онлайн форматта Астрахань қаласында өтті. Оған ҚР Маңғыстау және Атырау облыстарының, сондай-ақ РФ Астрахань өңірінің өкілдері қатысты.
Сараптамалық талқылау барысында Ресей мен Қазақстанның шекара маңы аумақтарының Каспий туристік әлеуеті, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктері мен перспективалары сияқты кең ауқымды мәселелер қаралды.
Кездесу спикерлері сондай-ақ екіжақты туристік ағынды ұлғайту және туристік ақпаратпен алмасу стратегиясы, бірлескен туристік бағдарламалар мен маршруттарды әзірлеу ерекшеліктері, медициналық туризм және бірлескен туристік жобаларды іске асыру бойынша өңірлік билік органдары, іскерлік және логистикалық құрылымдар үшін ұсыныстар әзірлеу мәселелерін талқылады.
Соңғы жылдары мұнай дәуірінің аяқталуы туралы сарапшылар мен талдаушылар тарапынан жиі айтылуда. VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, мұнай ғасыры мұнайдың аяқталуымен емес, энергияның таза, балама көздері пайда болуымен аяқталуда.
"Бүгінгі таңда экономикалық өсімнің маңызды драйверлерінің бірі туристік индустрия болып табылады. Ол сондай-ақ экологиялық. Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесі сарапшыларының пікірінше, туризм индустриясы қаржы саласынан 2 есе және химия өнеркәсібінен 5 есе көп жұмыс орындарын құруда. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша, 2019 жылы әлемде 1,5 миллиард халықаралық туристік сапар тіркелген, 2018 жылы бүкіл әлем бойынша саяхатшылар 1,7 трлн. доллар жұмсаған", - деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар Каспий маңы туризмін дамыту, круиздер, "Астрахань-Ақтау-Хорезм" турсаяхат және басқа да бағыттар бойынша түрлі ұсыныстар айтты. Өзекті мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдары аталды.