Сарапшылар Қазақстан туризмін дамыту жолын ұсынды

89

Қазақстанда туристік орындар өте көп.   

Сарапшылар Қазақстан туризмін дамыту жолын ұсынды Фото: жеке мұрағатынан

Соған қарамастан кейбір аймақтар әлі толық танымал емес. Ішкі туризмді жандандыру үшін қандай нақты қадамдар қажет? Тиісті көңіл бөлінбей жатқан қандай бағыттар бар? Редакция тілшісі осы тақырып төңірегінде сарапшылардың пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Turkistan" газетіне берген сұхбатында әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отырғанын тілге тиек еткен болатын.

"Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз", – деді Мемлекет басшысы. 

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, Қазақстан – тұмса табиғаты бар, тарихы терең, мәдениеті бай ел. 

"Дегенмен осы мол әлеуетті толық пайдаланып отырмыз деп айту қиын. Сондықтан 2025 жылғы қыркүйек айында Үкіметке туризмді дамыту мәселесі бойынша арнайы депутаттық сауал жолдап, өңірлердегі өзекті мәселелерді көтердім. Бүгінде туризм саласында оң өзгерістер де бар. Мысалы, бір ғана Жетісу облысында орналастыру орындарының саны 400 нысанға жетіп, төсек-орын қоры 22,8 мыңға дейін өсті. Ішкі туристер саны 2 миллион адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артты. Ал көрсетілген туристік қызмет көлемі 1,8 млрд теңгеге жетті. Бұл – сұраныстың бар екенін көрсететін жақсы белгі. Ендігі міндет – осы әлеуетті жүйелі дамыту", – деді ол.

Депутаттың пікірінше, біріншіден, өңірлік басқару жүйесін күшейту қажет. 

"Қазіргі таңда елімізде 12 визит-орталық жұмыс істегенімен, туризм басқармалары барлық облыста бірдей жоқ. Туристік әлеуеті жоғары Ұлытау мен Жетісу сияқты өңірлерде мұндай құрылымдардың болмауы туризмнің жүйелі дамуына кедергі келтіреді. Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту маңызды. Мысалы, Алакөл жағалауы бүгінде еліміздің ірі туристік орталықтарының біріне айналып отыр. Соңғы жылы ғана бұл өңірге 1,8 миллионнан астам адам келген. Орналастыру орындарының саны 270 нысанға жетіп, туристік қызмет көлемі 7,2 млрд теңгеге дейін өскен.  Мұндай тәжірибені еліміздің басқа да өңірлерінде қолдану қажет. Үшіншіден, жаңа туристік бағыттарды дамыту керек. Ұлытаудағы "Саң" таулары, Кейкі батыр үңгірі немесе Маңғыстаудағы Торыш алқабы сияқты бірегей табиғи нысандарды мемлекет қорғауына алып, туристік маршруттарға енгізу еліміздің туристік картасын кеңейте түседі", – деп атап өтті спикер.

Екатерина Смолякова туризмді дамыту тек жаңа қонақүйлер салумен немесе жол жөндеумен шектелмеуі керек деген пікірде. 

"Ең бастысы – табиғи және тарихи мұрамызды көздің қарашығындай сақтау. Өкінішке қарай, кейбір қасиетті орындарда мәдениетке жат әрекеттер кездесіп жатады. Киелі жерлерде қоқыс қалдыру, тарихи белгілерді бүлдіру сияқты жағдайлар орын алады. Мысалы, жуырда Ұлытау ұлттық паркінің аумағындағы "Әулие тауда" орналасқан қасиетті таңбалы тастардың бүлінуі қоғамды алаңдатқан жағдай болды. Бұл – ұлттық құндылықтарға жасалған қиянат. Сондықтан туризмді дамыту мен табиғи-мәдени мұраны қорғау қатар жүруі тиіс. Сонымен қатар табиғи ескерткіштерді сақтау мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Маңғыстаудағы Торыш алқабындағы шар тәрізді тастар – табиғаттың сирек құбылысы. Алайда кейбір адамдар оларды жеке мақсатта алып кетіп, табиғи ландшафтқа зиян келтіріп отыр. Мұндай нысандарды мемлекет қорғауына алып, бақылауды күшейту – уақыт талабы", – деді Мәжіліс депутаты.

"Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау маңызды"

Ал Халықаралық туризм және меймандостық университетінің аға оқытушысы, туризм саласының сарапшысы Нұржан Әбдіразақ салада ең алдымен инфрақұрылым мәселесін шешу керек деп есептейді.

"Көптеген әдемі жерлерге жету қиын: жол сапасы нашар, қоғамдық көлік жоқ, немесе ақпарат жетіспейді. Сондықтан жолдарды жақсарту, навигация белгілерін орнату, санитарлық тораптар мен шағын сервис нүктелерін көбейту маңызды. Екінші маңызды қадам – ақпарат пен маркетинг. Қазақстанның көптеген табиғи орындары туралы халықтың өзі толық білмейді. Әлеуметтік желілерде, туристік платформаларда, блогерлер арқылы аймақтарды жүйелі түрде таныстыру қажет. Әсіресе ішкі туризмге арналған дайын маршруттар мен демалыс пакеттерін көбейту керек. Үшіншіден, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау маңызды. Шағын қонақүйлер, этноауылдар, гид қызметі, жергілікті тағамдар сияқты қызметтер көбейсе, туристер үшін сапар қызықты әрі ыңғайлы болады", – деп атап өтті ол. 

Оның айтуынша, бірнеше бағытқа жіті көңіл бөлген жөн.

"Біріншісі – экотуризм. Қазақстанның табиғаты өте бай, бірақ көптеген ұлттық парктерде сапалы туристік инфрақұрылым әлі жеткіліксіз. Табиғатты сақтай отырып туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Екіншісі – ауыл туризмі. Көптеген ауылда ерекше мәдениет, дәстүр, тағамдар бар. Егер олар дұрыс ұйымдастырылса, туристер үшін өте қызықты тәжірибе болар еді. Үшіншісі – туристік сервис сапасы. Кейде қызмет көрсету деңгейі туристің жалпы әсеріне әсер етеді. Сондықтан гидтерді, қонақүй қызметкерлерін, туроператорларды кәсіби дайындау маңызды", – деп есептейді сарапшы.

Цифрлық туризмнің әлеуеті

Туризмде онлайн платформалар, мобильді қосымшалар және жасанды интеллект кеңінен қолданылып келеді. Бұл ретте елімізде осы мүмкіндіктерді пайдалану деңгейі қандай деген сұрақ туындайды.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың сөзінше, бүгінде туризм – цифрлық технологиялармен тығыз байланысты сала. 

"Әлемде туристер сапарды жоспарлаудан бастап, қонақүй таңдауға дейін барлық қызметті онлайн форматта пайдаланады. Қазақстанда бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалғанымен, цифрлық әлеует толық пайдаланылып отыр деп айту қиын. Туристік ақпараттың бірыңғай цифрлық платформасы, сапалы мобильді қосымшалар және жасанды интеллект негізіндегі сервистер жеткілікті деңгейде дамымаған. Сондықтан цифрлық инфрақұрылымды күшейту қажет. Туристік аймақтарда тұрақты интернет байланысын қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйелерін енгізу, дрондар арқылы бақылау жүргізу қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект туристерге жеке маршруттар ұсыну, тарихи нысандар туралы көптілді ақпарат беру, өңірлердің туристік әлеуетін тиімді таныстыру сияқты мүмкіндіктер ашады. Бұл – туризмді жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, еліміздің экономикасына қосымша серпін беретін бағыт", – деді депутат.

Сарапшы Нұржан Әбдіразақ Қазақстанда бұл бағыт біртіндеп дамып келетінін, бірақ әлеует әлі толық пайдаланылмағанын айтады. 

"Қонақүйлер мен туристік компаниялардың көбісі брондау жүйелерін, онлайн платформаларды қолданады. Бірақ кейбір аймақтарда цифрлық маркетинг әлі әлсіз. Мысалы, көптеген туристік нысандар туралы толық әрі жүйеленген онлайн ақпарат жоқ. Кейде картада да дұрыс белгіленбеген жағдайлар кездеседі. Ал жасанды интеллектке келсек, ол көбінесе халықаралық платформалар арқылы қолданылады. Болашақта туристік ұсыныстарды жекелендіру, чат-боттар арқылы туристерге ақпарат беру, деректерді талдау сияқты бағыттарда оны кеңірек қолдануға болады. Жалпы айтқанда, Қазақстанда цифрлық туризмнің негізі бар, енді оны жүйелі түрде дамытып, барлық аймаққа бірдей енгізу маңызды", – деді сала маманы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу