Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылы сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 10 ұйым қатысты.
Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді.
Макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары жоқ екенін атап өткен жөн.
Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысы туралы нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу қамтылған.
2023 жылдың мамыр айында өткізілген сауалнамадан кейін респонденттердің болжамы біршама өзгеріске ұшырады. Мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары 2023 жылға – төмендеу жағына, ал 2025 жылға – көтерілу жағына қайта қарастырылған. Бұл ретте, респонденттердің 2024-2025 жылдарға арналған бағалау ауқымының аясы тарылғаны байқалады.
Сценарий шартындағы мұнай бағасының төмендеуін ескергенде, тауарлар мен қызметтердің экспорты бойынша 2023 жылға арналған болжамдар біршама нашарлай түсті. 2024 және 2025 жылдарға арналған бағалаулар өзгерген жоқ.
2023-2024 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының өсімі бойынша күтулер 4% деңгейінде сақталды. Бұл да ЖІӨ-нің ұзақмерзімді әлеуетті өсімін (4%) бағалауға сәйкес келеді. Қазақстан экономикасының 2025 жылға өсімі бойынша болжамдар 4,0%-дан 4,1%-ға дейін біршама көтерілді.
Инфляция бойынша бағалаулар барлық болжамды кезеңде көбіне өсу жағына қарай қайта қаралып отыр. Респонденттер 2023 жылғы инфляцияны 12,2% (мамырда – 11,8%), ал 2024 жылғы инфляцияны 9,4% (8,4%) деңгейінде болжайды. Ал, 2025 жылы ол 7,1%-ға (7,2%) дейін аздап төмендейтіні күтіледі.
Өткен кезеңмен салыстырғанда, респонденттер базалық мөлшерлеме 2023 және 2025 жылдары жоғары болады деп күтеді. Осылайша, 2023 жылға арналған болжам жылына орта есеппен 16,2%-дан 16,3%-ға дейін, 2025 жылға – 9,5%-дан 10%-ға дейін өсті. Респонденттер 2024 жылғы базалық мөлшерлемені 12% (мамырда – 13%) деңгейінде болжайды.