Сарапшылар рөлде телефон ұстау туралы норманы сынады

Заңдағы ескірген тұжырымдар құқық қолданудың таңдамалы болуына жағдай жасап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттыра түспек.  

Сарапшылар рөлде телефон ұстау туралы норманы сынады Фото: canva

Қазақстандықтарға жаппай айыппұлдар келіп түспеуі үшін заңгерлер Әкімшілік кодекске түзетулер мен нақтылаулар енгізуді сұрап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "31 арнаға" сілтеме жасап. 

12 наурыздан бастап елде көлікті жүргізу кезінде телефонмен сөйлескені және белдік тақпағаны үшін айыппұл автоматты түрде тіркеледі. ІІМ әзірге бұл айыппұлдарға қатысты алғашқы статистиканы жариялау ерте екенін айтады. 

Десе де, көлік жүргізушілері тыйымды айналып өтудің жолын ойластыра бастады. Әлеуметтік желілерге мыңдаған әзіл-кеңес түрі жарияланды. Жүргізушілер телефонды бас киімнің астына жасырады немесе жол камераларынан ұялы телефонды тасалау үшін шағын қолшатырлар сатып ала бастады. Алайда, автосарапшылардың айтуынша, мұндай "лайфхактар" жүргізушіні айыппұлдан құтқармайды, қайта қосымша қауіп тудыруы мүмкін.

Заңгер Сайкен Айсин телефон үшін айыппұл салу нормасы ескіргенін айтады. Бұл норма әлі күнге дейін қолданыста болғанымен, ол алғаш әзірленген кезде телефондар тек қоңырау шалу мен SMS жіберуге арналған басқышы бар құрылғылар еді. 

– Бұрын, 18 жыл бұрын, телефондар басқышы бар болды, тек сөйлесуге және SMS жіберуге арналған еді. Ал бүгінгі смартфондар жол көрсетушіден бастап такси және жеткізушінің тапсырыс қабылдауына дейін көптеген маңызды функцияны орындайды. Кей жағдайда тіпті жолдағы қолайсыз күн райында көріністі жақсарту үшін де пайдаланылады, – деді Сайкен Айсин.

Сарапшының сөзінше, тіпті полицейлердің өзі де қозғалыс кезінде рация қолдану арқылы осы норманы бұзады. Ал заңдағы томпақ тұжырымдар құқық қолданудың таңдамалы болуына жол ашып, жемқорлық тәуекелдерін күшейтеді. 

– Негізінде бұл норманы нақтылау қажет. Қазір ІІМ телефонды қалай қолдануға болатынын, ал қандай жағдайда айыппұл салынатынын түсіндіруде. Бірақ мұны заңның өзінде жазу қажет. Сонда ешкім оны өз қалауынша түсіндірмейді, ал азамат айыппұлға шағымданғанда, судья да субъективті шешім қабылдамайды, – деді автосарапшы Алексей Алексеев.

Осыған дейін полиция рөлде телефонды қолданудың жолын түсіндірді. Негізгі талап – қозғалыс кезінде де, қысқа тоқтаған кезде де телефонды құлаққа немесе қолға ұстамау. Телефонды ұстағышқа қоюға рұқсат, бірақ онымен әрекет етуге болмайды. Дегенмен, бұл түсіндірулердің өзі де айқын емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу