Сарапшылар "Сайлау-2026" қорытындысын талқылады

123

Астанада "Сайлау-2026: қорытынды және жаңа саяси белес" тақырыбында сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Сарапшылар "Сайлау-2026" қорытындысын талқылады Фото: kisi.kz

Жиынға қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар, сайлау сарапшылары, қоғамдық бақылаушылар мен зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Талқылаудың негізгі өзегі – 23 тамызда өткен алғашқы Құрылтай сайлауы және оның елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызы.

Сарапшылардың пікірінше, бұл сайлау жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы жалпыұлттық дауыс беру ретінде ерекше маңызға ие. Азаматтар алғаш рет біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялық тізіммен жасақталатын бір палаталы Құрылтай құрамын таңдады.

"Біз парламент құрамының жай ғана өзгеруін емес, бір институционалдық модельден екіншісіне өтуді көріп отырмыз. Жаңа жүйеде саяси партиялардың қоғам мен мемлекет арасындағы негізгі байланыстырушы институт ретіндегі жауапкершілігі артады", – деді Нархоз университетінің профессоры Андрей Казанцев.

Жиын барысында сайлаушылардың белсенділігіне де ерекше назар аударылды. Сарапшылар 70 пайыздан асқан көрсеткішті азаматтардың саяси процестерге қызығушылығының жоғары деңгейі ретінде бағалады.

Италияның Азия істері жөніндегі институтының бас хатшысы Доменико Палмиери Қазақстандағы сайлауды халықаралық тұрғыдан бағалап, жоғары қатысу көрсеткішіне тоқталды.

"70%-дан астам қатысу азаматтардың сайлауға белсенді араласқанын және өкілді институттарды қалыптастыруға қызығушылық бар екенін көрсетеді", – деді ол.

Кездесуде сайлау барысына қоғамдық бақылау, халықаралық байқаушылардың бағасы, саяси партиялардың үгіт-насихат стратегиялары және жаңа Құрылтайдың алдағы міндеттері талқыланды.

Екінші сессияда сарапшылар жаңа заң шығарушы органның алдында тұрған басымдықтарды атады. Олардың қатарында ұлттық заңнаманы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру, сот реформасын жалғастыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және партиялардың сайлауалды бағдарламаларын іске асыру мәселелері бар.

Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова пропорционалды жүйенің партиялардың рөлін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Жаңа модель саяси партиялардың өздеріне де жоғары талап қояды. Партиялық тізімдердің сапасы, кандидаттардың кәсібилігі мен партия басшылығының жаңаруы өкілдіктің сапасына тікелей әсер етеді", – деді ол.

Сарапшылар сондай-ақ сайлау науқанындағы ақпараттық кеңістіктің өзгеруіне тоқталды. Биыл саяси коммуникацияда жасанды интеллект құралдары белсенді қолданылған. Бұл бір жағынан жаңа мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан deepfake және жалған ақпарат тарату сияқты тәуекелдерді күшейткен.

"Сайлау науқаны кезінде deepfake материалдары да пайда болды. Сонымен бірге азаматтардың цифрлық және медиасауаттылығы артып келе жатқанын байқадық. Қолданушылар манипуляциялық контентті ажыратып, ақпаратқа сыни көзқараспен қарай бастады", – деді ҚР Президенті жанындағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығының басшысы Руслан Бекарсланов.

Жиын қорытындысында қатысушылар алғашқы Құрылтай сайлауы жаңа заң шығарушы органды қалыптастырумен қатар, Қазақстанның жаңа конституциялық моделін іске асырудағы маңызды кезең болғанын атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы кезеңде саяси партиялардың тиімділігі, қоғамдық бақылау, азаматтардың саяси белсенділігі және жаңа Құрылтайдың заң шығару жұмысы елдің институционалдық дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне айналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу