Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта доллар айтарлықтай қымбаттауы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қаржы сарапшылары қыркүйек айында доллар бағамы 541,7 теңгеге дейін жетуі мүмкін деп болжайды. Ал бір жылдан кейін, яғни 2025 жылдың осы кезінде, бағам 573 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал. Бұған дейін сарапшылардың болжамы анағұрлым оптимистік болған еді – 523,4 және 548,5 теңге.
Болжамның нашарлауына бірнеше себеп бар:
- Валюта нарығындағы құбылмалылық;
- Сауда балансы профицитінің төмендеуі;
- Шетел валютасына деген ішкі сұраныстың артуы;
- Шикізат нарықтарындағы бағаның тұрақсыздығы.
Сарапшылардың басым көпшілігі (78%) қысқа мерзімді кезеңде базалық мөлшерлемені көтеру қажет деп санамайды. Олар Ұлттық банктің 29 тамыздағы отырысында базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейде сақталуын болжайды.
Тек 22% ғана мөлшерлеме 16,75%-17% аралығына дейін көтерілуі мүмкін деген пікірде.