Түркістандағы сараптама орталығы мамандары екі сағат бойы дөрекі сұрақтар қойып, оның ойын өзгертуге тырысқан, деп жазады inbusiness.kz сайты Дина Таңсәрінің телеграм арнасына сілтеме жасай отырып.
Жәбірленушінің айтуынша, сараптама барысында сол азапты күндерді басынан қайта өткізгендей болған.
"Бұрын соңды сараптамада болмағанмын, қалай өтетінін де білген жоқпын. Түркістандағы сараптама орталығына жақсы көңіл-күймен кірдім. Ол жерде екі әйел, үш ер кісі болды. Маған "оқиғаны бастан-аяқ баяндап бер" деді. Бәрін рет-ретімер айтып бастап едім, бір әйел "тез болшы, жарты сағаттан кейін жұмыс уақыты аяқталады" деді. Сыныптастарым мен олардың туыстарының маған көрсеткен қорлықтарын баяндап жатқан кезімде, "саған ұнады ма?" деп сұрақ қойды. Мен "жоқ" деп жауап берсем де, қоймастан "саған ұнады ғой, иә" деп сұрай берді. Менің ойымды өзгертуге тырысқан сияқты. Мені қорқытып бопсалағанын айтып жатқанымда, олар түсінгісі келмей "о баста ата-анаңа айтпағансың, сенде ондай мүмкіндік болды ғой" деді. Қайта-қайта айта берді. "Қорықтым, ешкімге айта алмадым" дедім. Олар "Шу шығарма, жылама" деп те ескерту жасады. Далаға шыққан кезде анам менің түрімді көріп шошып кетті. Мен машинаға дейін жете алмайтын халде тұрдым. Сосын анам эксперттердің алдынан шығып "Сендердің балаларың бар ма? Баланы неге осындай күйге дейін жеткізгенсіңдер" деп ренішін білдірді", – дейді оқушы қыз.
Қыздың бір жарым ай бойғы психологиялық емінің күл-талқаны шыққан.
"Барлық дерлік мемлекеттік сот-психологиялық сараптама мамандары зорлықтың құрбандарына адамгершілікпен қарауды білмейді. Мамандар зорлық-зомбылық көрген кішкентай балалардың өзімен осылай дөрекі сөйлеседі... Осындай мамандық иелері жаны жаралы адамдармен жұмыс істеп отырғандарын сезініп, өз ісіне кәсіби тұрғыда қарап үйренсе жөн болар еді", – деп жазды Дина Таңсәрі.
Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары 8 ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, құлдықта ұстағанын еске саламыз.
Олар қызды ұрып-соғып, азаптап, бопсалап, қорқытқан. Қыздың тәнін саудалай отырып айына кемінде екі-үш миллион теңге табыс тапқан.