Арал теңізінде су құрамы тұзданып барады. Суды тұшыту мақсатында гидрошаралар қолға алынып жатыр. Бұл САРАТС-2 жобасы бойынша жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды 24.kz.
Жалпы 25 миллиард теңге жұмсалатын алып құрылыс алты кезеңнен тұрады. Ол қаржыға алдымен Қызылорда су торабы жаңғыртылады. Сондай-ақ Қармақшы, Қазалы аудандарымен өтетін Сырдарияның қорғаныс бөгеттері бекітіледі. Қазалыдағы Бірлік ауылы маңынан көпір салу және Жалағаш ауданындағы Қорғанша және Тұрымбет аумағында өзен бөгетін нығайту қажет. Сонымен қатар САРАТС-тың 1-фазасына сәйкес салынған Көкарал бөгетінің ақауы бар тұстары жөнделмек. Осы жобалардың техникалық негіздемесі мен сметалық құжаттары дайын. САРАТС 2 жобасы бойынша теңізден бөлек көлдер жүйесі де қалыпқа келтіріледі.
"Сырдария өзені Көкарал бөгетінің жанында орналасуына байланысты тұщы су тікелей Көкарал бөгеті арқылы үлкен Аралға кетіп жатыр. Кіші Аралдың Сарышығанақ солтүстік жағында су айналымы болмай, тұздану процесі жүріп жатыр. Сондықтан жаңадан үш арнаны салуды жоспарлап, тиісті техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп қойдық. Жобаның қаржысы 4,6 млрд теңге", – дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат Жансұлтанұлы.