Ерлан Алдажұмановтан журналистер бүгін былтыр Таразда өз-өзіне қол салған шекарашы Мираш Бекболдың ісі жөнінде сұраған. Шекара қызметінің бастығы "өкінішке қарай ондай жағдайлар болып жатыр" деп бастады сөзін.
"Статистиканы қарасақ, ол жайттардың өсімі бар деп айта алмаймыз. Алайда факт бар. Ол немен байланысты? Бар жағдайды ресми түрде қарайық: сол жердегі лауазымды басшылардың жұмысында кемшілік болды. Оны жасыруға болмайды. Сонымен қатар, қазір әскерге шақырылатын жастар контингенті қазір басқаша. Әскерде қызмет атқару үшін толыққанды моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындалмаған деп айтуға болады", - деді ол Сенат кулуарында.
Ерлан Алдажұманов Тараздағы сарбаз өліміне қатысты тергеу аяқталмай ештеңе айта алмайтынын қайталаумен болды. Айтуынша, тергеу әртүрлі амалдарды зерттеп жатыр. Ол нұсқаның қайсысы расталатынын, қайсысы расталмайтынын – тергеуге қойылатын сұрақ дейді ол.
"Тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери тергеу департаменті жүргізіп жатыр. Біздің оған қатысымыз жоқ. Тергеу материалдарына қол жеткізе алмаймыз. Сол себепті мен бұл жерде ештеңе деп пікір білдіре алмаймын. Істің мән-жайы бәрі аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады", - дейді ол.
Шекара қызметінің директоры Тараздағы жағдайдан кейін қызметтік тергеу жүргізілгенін, тәртіптік шара қабылданғанын айтады.
"ҚР Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастығы қызметінен шеттетілді. Содан кейін сол заставаның шекара басқармасы бастығы мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сол заставаның бастығы қызметінен шеттетілді. Олар қазір тергеу қорытындысын күтуде", - дейді ол.