Биылдан бастап әскери бөлімшелердің барлығында бейнекамералар орнатылып, "Отбасымен бейнеқоңырау" сервисі іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Біріншіден, болашақ сарбазды әскери дайындыққа жіберместен бұрын қауіпсіздік шараларары түсіндіріледі. Барлық әскери бөлімдерде камералар орнатылды, қарулы күштер иелігінде 12 мыңнан астам бейнкамера бар", – делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің рсеми өкілі Руслан Жангулиннің хабарламасында.
Оның айтуынша, одан бөлек әр бөлімшеге жауап беретін офицерлер тағайындалып, ата-аналар тікелей әскери басшылармен тілдесе алатын арнайы чат ашылған. Олар балаларына қатысты кез келген сұрақты қоя алады.
"Жақында "Отбасымен бейнеқоңырау" сервисін іске қостық. Енді аптасына екі рет әскери борышын өтеп жүрген сарбаз ата-анасымен бейнебайланыс арқылы тілдесе алады. Ол үшін бізде арнайы бөлме жабдықталып, қажетті құралдар сатып алынды. Сонымен қатар әскери бөлімшелерде психологтар жұмыс істейді, олар үнемі анонимді сауалнамалар жүргізіп отырады", – деді Руслан Жангулин.