Сот оны 100 сағат еңбек етуге де міндеттеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сержант Керімов Ақтау қаласындағы "25744" әскери бөлімінің медициналық ротасының взвод командирі болған. Актөбе гарнизонының әскери соты тергеу барысында оның заңсыз әрекеттерін анықтап, 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған.
Оқиғаның медициналық ротаның аумағын тазалау уақытында болғаны айтылады. Сержант жерден темекі тұқылдарын алып, қатардағы екі жауынгерге соны жеуді бұйырған. Сарбаздар сержанттан түскен әмірді бұлжытпай орындаған көрінеді. Десе де, сарбаздың бірі медициналық пунктке барып, фаст-фудтан уланғанын айтқан.
Ертесіне Сержант Керімовтің жатақханадағы тәртіпсіздікке наразылық танытып, екі жауынгерге қайтадан қысым көрсеткені белгілі болды.
Сот барысында ол өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Айыпталушы оқиғаға куәгерлер бар бола тұра, сотта тыңдалмағанын жеткізген.
– Маған ешкімді соққыға жығу немесе тұқылдарды жеуге мәжбүрлеу туралы ой келмеген. Бұл – жала, – дейді сержант Керімов.
Негізгі зардап шеккен жауынгер сержанттың оларды (екі сарбазды – ред.) тұқыл жеуге мәжбүрлегенін, ұрып-соққанын ашық айтқан. Сондай-ақ, өз көрсетпесінде жарақат алған жерлерінің суретін әкесіне жіберіп, көмек сұраған. Ол сержантты кешірмейтінін және заң жүзінде жазалауды талап еткен.
Ал екінші жауынгер сержант Керімовке ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеген. Ол тіпті досын ұрып жатқанын да көрмегенін айтқан. Оқиғада темекі тұқылын жеу фактісі болмағанын, өзінің тағамнан уланғанын қоса кеткен.
Сот сержанттың билікті асыра пайдаланғанын дәлелдеп, 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарып отыр. Сондай-ақ, оған жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекпен айналысу міндеттелген. Осы мерзім аралығында айыпталушы бостандықта жүреді, бірақ оның қозғалысы мен әрекеттері заңмен шектелмек.