Сәрсемәлиевтің соты: Ақбаян Мұқанғалиеваның неліктен ажырасуға арыз бергені белгілі болды

Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы жаңартылған айыптау актісін жария етті.   

Сәрсемәлиевтің соты: Ақбаян Мұқанғалиеваның неліктен ажырасуға арыз бергені белгілі болды Фото: arasha.kz

Негізінен, Сұлтан Сәрсемәлиевтің әйеліне опасыздық жасауы екеуінің "екі жаққа кетуіне" себеп болған көрінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл туралы прокурор Майра Ержанова тергеу мәліметтеріне сүйеніп айтып отыр.

– 2022 жылдың жазында күйеуінің көзіне шөп салғанын білген Ақбаян Мұқанғалиева бұл туралы ата-анасы мен туыстарын хабардар етіп, ажырасуға арыз тастаған. Әкесі Мақсот Қарабалин қызын балаларымен бірге алып кеткен. Кейін Махамбет аудандық сотының шешімімен неке бұзылған. Осы жағдайдан кейін Сәрсемәлиевтің қайын жұртына деген өшпенділігі күшейген, – деді мемлекеттік айыптаушы. 

Осыған дейін өткен сот отырысында Сұлтан Сәрсемалиев қашықтан қатысып, әйелінің көзіне шөп салғанын мойындаған еді. Десе де, ол бұл жайттан әйелінің туған-туыстары хабардар болғанына реніш білдірген. Жәбірленуші тараптың адвокаты Шынар Нұрмұратқызының сөзінше, сол уақытта Ақбаян Мұқанғалиеваның есі дұрыс болған және ол некені бұзу туралы арызды өз еркімен жазған. Адвокат бұл құжатты қылмыстық іс материалдарына қосуды сұрады.

Сот барысында прокурор ұсынған жаңа айыптау актісінде Сұлтан Сәрсемәлиевке "бұрын жасаған қылмысын жасыру мақсатында тағы бір қылмыс жасаған" деген айып тағылған.

Сондай-ақ, оған мал ұрлығы және интернет-алаяқтық баптары бойынша да айыптар қосылып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу