Сарыағаш айналма жолы Өзбекстанға транзитті жылдамдатады

100

2026 жылғы 5 сәуірде Түркістан облысында республикалық маңызы бар "Сарыағаш айналма жолы" автожолының құрылысы ресми түрде басталды. 

Сарыағаш айналма жолы Өзбекстанға транзитті жылдамдатады Фото: ҚазАвтоЖол

Салтанатты шараға "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дархан Иманашев өз сөзінде жоба өңір мен ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

"Сарыағаш айналма жолын салу транзиттік көлікті қала шегінен шығарып, қалалық жол желісіне түсетін жүктемені азайтады және Өзбекстан бағытындағы қозғалысты едәуір жылдамдатады. Бұл негізгі транспорттық бағыттардың қауіпсіздігін, жайлылығын және өткізу қабілетін арттыруға бағытталған маңызды қадам", – деді ол.

Жоба аясында ұзындығы 102,6 шақырым болатын I-а техникалық санаттағы төрт жолақты заманауи автожол салынады. Жол халықаралық стандарттарға сай жобаланған және қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қозғалысына жағдай жасайды.

Сарыағаш айналма жолының іске асырылуы өңір экономикасына айтарлықтай әсер етеді: жүк және жолаушылар транзиті жеделдейді, шекара маңындағы сауданың тартымдылығы артады, Түркістан облысының халықаралық маршрутардағы көлік түйіні ретіндегі рөлі күшейеді.

Сонымен қатар, Түркістан облысында жол желісін модернизациялау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолдардың ұзындығы – 678 шақырым. Жобалар аясында негізгі маршруттарда 5 күрделі және орташа жөндеу жұмысы жүзеге асырылуда, олардың жалпы ұзындығы – 99,2 шақырым, соның ішінде транспорттық қиылыстар мен көпірлердің реконструкциясы бар.

2026 жылы қозғалысты бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін орната отырып, "Шымкент – Қызылорда" автожолында жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын орташа жөндеудің 5 қосымша жобасы жоспарланған, бұл көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаларды кешенді жүзеге асыру өңірде заманауи және қауіпсіз жол желісін қамтамасыз етеді, көлік қызмет көрсету деңгейін көтереді және Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік әлеуетін нығайтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу