Сарыағашта ата-аналар Төлешовке тиесілі мектепті жаппауды сұрады

Айтуларынша, ауданда мектеп тапшы. Алайда прокуратура шағым түсірді.

Сарыағашта ата-аналар Төлешовке тиесілі мектепті жаппауды сұрады Фото: otyrar.kz

Әл-Фараби атындағы жеке мектепте 200-ге жуық оқушы білім алады. Жуырда ата-аналар мектептің жабылғанын естіген. Белгілі болғандай, оқу орны салынған жер учаскесі кезінде Төлешов "сыра империясының" басты компаниясы "Дархан Групп" ЖШС-нің мүлкіне кірген.

"Бізге мұнда балаларды әкелу өте ыңғайлы, оқу жылының соңында басқа мектепке ауысқымыз келмейді. Оның үстіне мұндағы мұғалімдер жақсы.  Мектепті неге жауып тастайды?", - дейді оқушының анасы Гүлназ Алдабергенова.

Ата-аналардың айтуынша, Сарыағашта мектеп жетіспейді. Білім ошақтарында оқушы лық толы, әр сыныпта 45 баладан.  Кейбір мектептер үш ауысымда жұмыс істейді.

Ғимаратты сатып алған кәсіпкер оны екі жыл бұрын мектепке айналдырған.  Бұған 70 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

"Біз бұл ғимаратты "Есен" тобынан сатып алдық.  Қолымызда барлық құжат, шоттар бар", - дейді білім мекемесінің өкілі Зарина Нұрғалиева.

Бірақ прокуратураның ойы өзгеше, олар ғимараттың заңсыз сатылғанына сенімді.

"Бұл мүлікті "Дархан Групп" ЖШС 2016 жылы "Essen Group" ЖШС-не заңсыз иеліктен шығарғаны анықталды.  Шымкент қалалық сотының 2022 жылғы қаулысымен қабылдау-тапсыру актісін заңсыз деп тану туралы талап арыз толығымен қанағаттандырылды. Алайда, бұл мүлікті "Essen Group" ЖШС 2021 жылы "Әл-Фараби мамандандырылған мектебі" ЖШС-не сатып жібергені анықталды.  Осыған байланысты Еңбекші ауданының прокуратурасы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берді", - деп хабарлады Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокуратурасы.

Ата-аналар білім ошағын тартып алмауын сұрайды. 

Еске сала кетсек, Тоқтар Төлешов бірқатар ауыр баптар, соның ішінде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті бойынша 21 жылға сотталды. Оның мүлкі мемлекетке келтірілген шығын ретінде тәркіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу