Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жергілікті полицейлер мен Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тексеру кезінде Сарыағашта трассадан кетіп бара жатқан жүк көлігін тоқтатқан. Анықталғаны, фургонға тиелген 254 қораптағы дәрілердің ешбірінің құжаты болмаған және ол заңсыз тасымалданған контрабандалық тауарлар болған. Тіпті дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімі де өтіп кеткен. Көлік тізгіндеген жүргізуші тауарды Сарыағаштан Түркістан қаласына дейін ақыға жеткізіп беруге келіскен екен. Ал тапсырыс беруші Шымкент қаласының тұрғыны. Контрабандалық тауар Өзбекстан азаматына тиесілі болған, ол дәрілік заттарды Ресейден алдырыпты. Айта кетейік, тәркіленген препараттардың көбі ауырсынуды басатын дәрмектер.
"Тәркіленген дәрі-дәрмектердің ішінде бисокодил, бисептол, кетонал, глицин, вольтарен, попадол және басқалары да болды. Контрабандалық жүктің жалпы құны шамамен 34 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда бұл жәйт Сарыағаш АПБ-да тіркелді, тексеру жұмыстары жалғасуда", – деді Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Жансая Тәуекелқызы