Сарыағаштағы оқиғаға байланысты бірқатар шенеунік сөгіс алды

1232

Сарыағаштағы оқиғаға байланысты бірқатар шенеунік сөгіс алды

Бүгін ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы Абай ауылында орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға ескерту мен сөгіс берді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам арасында дау туғанын айтты. Осы мәселеге қатысты жауапты азаматтар тәртіптік жазаға тартылатынын жеткізді. Тергеу объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін тергеу амалдары аяқталғанға дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтерінен уақытша шеттетілді. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту берілді.

"Аудандағы жағдайды дер кезінде назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жариялаймын. Бұдан бөлек, сол салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаевқа шара қолдануды және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп  директорларын тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетуді тапсырамын", - деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, өңір басшысы облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа  сөгіс берілетінін атап өтті. Мұнан басқа әкім аталған мәселе бойынша эксперттік комиссия ауданда және облыста екі рет медициналық тексерулер жүргізіп, қорытынды бойынша баланың зорланғандығы расталмағанын мәлім етті.  

Жиын барысында өңір басшысы алдағы уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, өңірдегі барлық білім ұяларында профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

"Бұл жалпы облысымыздағы, қалалардағы, аудандардағы білім саласындағы кемшіліктерді көрсетіп отыр. Сондықтан барлық қала-аудан әкімдерін, жергілікті қоғамдық және ардагерлер  кеңестерімен мектеп оқушыларының бос уақытындағы іс-шараларын дұрыс ұйымдастыру бойынша іс-шараларды қолға алуды тапсырамын. Ал, облыстық ішкі істер мен құзырлы орган өкілдеріне мектептердегі ақша жинау, әлімжеттік бойынша түрлі қылмыстарға мониторинг жасауды, тиісті іс шаралар жоспарын бір апта мерзімінде жүргізуді тапсырамын", - деді Жансейіт Қансейітұлы.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу