Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Гарнизондағы оқиғаның мән-жайын ҚР Құрлық әскерлері баспасөз қызметі өкілдері айтқан. Олардың хабарлауынша, қаралы жағдай 1 жауынгерлік дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу кезінде тіркеліп, Қ. есімді сарбаздың қарумен жұмыс істеу ережесін бұзуынан туындаған. Жауынгердің қайтыс болуына оқ жарақаты себеп болып отыр.
– Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – дейді ҚР Құрлық әскерлері баспасөз қызметі.
Оқиға орнында Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір сарбаз өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
– Қызмет барысында сарбаз өзін оң жағынан көрсетті. Әскери бөлім қолбасшылығына қандай да бір арыз, шағым айтқан емес. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындады. Ата-ана мен туған-туысқандардың қайғысын, әрине жақсы түсінеміз, олардың қайғысына ортақпыз. Әр командир үшін де жауынгердің қазасы – қайғы, – деп жазылған хабарламада.
Құрлық әскерлері марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтып, тиісті көмек көрсетуге уәде берген.