"Сарыөзек – Көктал" республикалық автожолын қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады

781

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Жетісу облысына іссапармен барды. 

"Сарыөзек – Көктал" республикалық автожолын қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады Фото: google

Ведомство басшысы Талдықорғанды "Қорғас" шекаралық аймағымен байланыстыратын "Сарыөзек – Көктал" республикалық автожолының жағдайымен танысты, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кербұлақ ауданының бір топ белсендісі бұл елдімекен арқылы өтетін жолдың жағдайына тоқталды. Олардың сөзінше, Алтын-Емел асуындағы ұзындығы 68 шақырымға жалғасып жатқан жол трассасының бір бөлігі әбден тозған. Оған жергілікті жердегі Қытай шекарасына қарай цемент тасымалдайтын ауыр тонналы көліктер ықпал етуде, дейді тұрғындар.

Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл мәселе Үкімет басшысының жеке бақылауында. Аталған жолдың жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 2,5 есеге ұлғайтылып, биыл бұл жобаны толық аяқтау үшін 8,2 млрд теңге бөлінген. Ол республикалық автожолды қалпына келтіру 2023 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екенін жеткізді.

"Аталмыш жолдың жағдайы жақсы таныс. Қажетті қаражат бөлінді. Енді бірлесіп мердігердің жұмысын бақылау қажет. Біз ашық диалогқа дайынбыз. Егер де зауыттың жүк көліктері жолға зиян тигізсе, оның басшылығымен сөйлесіп, мүмкін қосымша шешім табамыз. Десек те, бұл зауыт осы өңірдің көптеген тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын ұмытпаған жөн", - деді министр.

Ақпаратқа сәйкес, бұл мәселе цемент зауытының басшылығымен болған  кездесуде де талқыланып, таяу арада цемент өндіруге қажетті шикізатты жеткізуге арналған айналма жолды салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Цемент зауыты 600-ге тарта тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Марат Қарабаев Талдықорғандағы 500 орынға шақталған емхана, тоғызыншы шағын аудандағы тұрғын үй және инженерлік желілердің құрылысымен де танысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу