Сарышаған полигонында Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік әзірлігі сыналды

135

Оқу-жаттығуға Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов басшылық етті.  

Сарышаған полигонында Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік әзірлігі сыналды Фото: gov.kz

Сарышаған полигонында "Батыл тойтарыс – 2026" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштерінің "Ашық аспан – 2026" бірлескен оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери басқару органдары мен бөлімшелердің әуе шабуылы құралдарының жаппай соққыларына тойтарыс беруге әзірлігін тексеру.

Әскери қызметшілер авиация, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиоэлектрондық күрес бөлімшелерінің өзара іс-қимылын, жедел маневр жасауды және атыс міндеттерін орындағаннан кейін позицияларды ауыстыруды пысықтады.

Жаттығу барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимылға және Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың эшелонды жүйесін қолдануға ерекше назар аударылды. Бөлімшелер сыртқы нысананы көздеу құралдарын пайдалану және атыс құралдарын жасырын орналастыру тәсілдерін де сынақтан өткізді.

Практикалық кезеңде С-75 зениттік-зымыран кешені қолданылып, радиолокациялық және радиоэлектрондық күрес құралдары бірыңғай ақпараттық-барлау кеңістігіне біріктірілді.

Сонымен қатар С-300ПС кешені алғаш рет жердегі нысананы жою үшін қолданылып, белгіленген нысана сәтті жойылды.

– Біз бөлімшелердің әуе жағдайы жылдам өзгеретін кезде үйлесімді әрекет ету қабілетін тексердік. Авиация, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиоэлектрондық күрес күштерінің өзара іс-қимылын пысықтадық. Алға қойылған міндеттер толық көлемде орындалды, – деп атап өтті Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы полковник Әділ Сүбебаев.

Оқу-жаттығу кезінде жасанды интеллект элементтері бар автоматтандырылған басқару жүйелері де сынақтан өткізілді. Жаттығу қорытындысында әскери бөлімшелердің әуе жағдайы өзгерген кездегі іс-қимыл дайындығына баға берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу