Сарытоғайдағы мектеп сақталып қалды

1251

Тұрғындар ол үшін балалы отбасыларды ауылға шақырып, хабарландыру берген.

Сарытоғайдағы мектеп сақталып қалды

Ақтөбе облысы Темір ауданының Алтықарасу селолық округіне қарайтын Сарытоғай ауылы аудан орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан. Биылғы оқу жылында сарытоғайлықтар үшін қуанышты жаңалық – негізгі мектептің бастауыш мектепке айналып кетпей, ұл-қыздарын бұрынғыша оқытып отырғаны болды. Ол үшін ауылға басқа жақтардан балалы-шағалы екі отбасы көшіп келіп, мектепті жабылудан аман алып қалған.

Сарытоғай елдімекенінде қырыққа тарта отбасында екі жүздей адам бар. Тұрғындары төрт түлік мал өсіріп, Ойыл өзенінің іргеден ағатынын пайдаланып, егіс кәсібімен шұғылданады. Алайда, биыл ауылдан үш бірдей отбасы көшіп кетеді де, мектептегі бала саны бірден он балаға кемиді.

Түсіндіру үшін айта кетейік, шалғай елді мекендердегі негізгі мектепте (10 сыныпқа дейінгі) оқушы саны 42-ден кем болмаға тиіс. Шәкірт құрамы одан кем болса мектеп бастауышқа айналдырылады, оның ар жағында жабылып қалуы да ықтимал. Ал мектепте тек бастауыш сыныптар қалды деген сөз – ата-аналарға 4 сынып бітірген балаңды әрі қарай оқытатын, мүмкін болса, интернаты бар білім ошағын іздей бер дегенді білдіреді. 

Сөйтіп, сарытоғайлықтар ауылға көшіп келетін отбасы іздеп, әлеуметтік желілерге хабарландыру береді. Бұған дейін ауыл болып Наурыз мерекесін өткізу үшін ақша жинаған екен. Тойлауға карантин кедергі болып, жиналған қаржы мұрты бұзылмай сол күйінде тұрады. Тұрғындар оған көшіп келген отбасыларға үй сатып әпермек болады. Сөйтіп, биыл жаз шыға ауылға үбірлі-шүбірлі баласын ертіп, екі отбасы көшіп келеді. Оның біреуі Ақтөбе қаласында тұрыпты. 

"Қалада төрт баламен пәтер жалдап тұрдық. Мектеп алыс, баланы автобуспен әрі-бері тасисың. Ақыр соңында титықтап, шаршап кеттік. Ал мына ауылда үй береді деген соң ештеңеге қараған жоқпыз. Қазір балаларға ұнап жатыр. Аудан орталығына барам десең – бар-жоғы 15-20 минут, жолы тегіс, жанында өзені ағып, малы өсіп жатыр", – дейді риза болған Аңсаған Таңбайқызы. 

Ауылдықтар жаңадан көшіп келгендерді баспанамен қамтып қоймай, алдарына мал салып берген. Нақтырақ айтсақ, бір үйге – 14, екіншісіне 17 бас қой-ешкі алып беріпті. Енді Атырау облысы Құлсары қаласынан тағы бір отбасы келмекке қамданып жатқан көрінеді. Көшіп келген үйлердің 11 баласы мектепке барып, Сарытойғайдағы негізгі мектеп сақталып қалды. 

Осы жұмыстардың басы-қасында ұйымдастырып жүрген – Есбол Мәуениязов деген азамат жігіт. Қазір ол жиналған қаражаттың қалғанын ауылды көркейтуға жұмсаймыз деп шапқылап жүр. Ұсынылып отырған жобалардың қатарында – осы жердегі қысы-жазы тәу етіп келушілерден арылмайтын Нұрлепес әулиенің басына түнек үйін салу және Шұбарқұдық-Ойыл тас жолынан ауылға дейінгі үш шақырым көтерме жолды  асфальттау.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу