Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының полиция бөліміне 37 жастағы қала тұрғыны жазбаша өтініш білдірді. Жәбірленуші әйелге белгісіз адам хабарласып, телефон арқылы сөйлесіп, сенімге кіріп, телефон арқылы 7 млн 647 мың теңге көлемінде қаражатын иемденген, – деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жәбірленуші үйде болған кезде, белгісіз біреу ұялы телефонына қоңырау шалған.
"Телефон арқылы сөйлесу кезінде өзін банк қызметкері ретінде таныстырып және қауіпсіздік үшін “Any desk” қосымшасын жүктеуді сұраған. Белгісіз адамның айтқанын бұлжытпай орындаған жәбірленуші әйел сол мезетте банктердің бірінен оған онлайн несие берілгендігі туралы біледі. Оны жою үшін сол банктен несиені қайта алу қажеттігін айтқан. Алаяқтың арбауына түскен әйел 4 млн 747 млн теңге ресімдеген кезде, ақша дереу белгісіз шотқа аударылған", - делінген хабарламада.
Полиция берген ақпарат бойынша, бұл аздай, 4 млн 747 млн теңгеге алданған әйел белгісіз адамның “кеңесі” бойынша басқа банктен 2 млн 900 мың теңге сомасына тағы несие алған.
"Ақшасы белгісіз біреуге аударылған кезде, телефонмен сөйлескен адам бірден байланысты үзген. Алаяқтың айласына түскенін білген жәбірленуші полицияға жүгінді. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта белгісіз адамның жеке басын және орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", - деді полиция.