Сатбаевта ұсталған күдіктіні қамауға санкция тағайындалды

1229

Қамау мерзімі күдікті ұсталған 23 шілдеден бастап есептеледі.

Сатбаевта ұсталған күдіктіні қамауға санкция тағайындалды

Сатбаевта 5 жасар қыз баланы ұрлады және зорлады деген айып тағылған күдікті сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.

Тергеуге алынып, қамалған күдіктіні карантинге байланысты сотқа жеткізу мүмкін болмағандықтан, судья бейнебайланыс арқылы сот отырысын өткізді. Күдіктінің адвокаты 62 жастағы ер адамды қамауға алмауды сұрады. Қорғаушы күдіктінің бірқатар сырқатының бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар адвокат тұрғындар тарапынан қауіптің болатынын алға тартып, оны бостандыққа шығарса күзет қажет екенін алға тартты. Дегенмен судья күдіктіні қамауға алу жөнінде шешім шығарды.

"Сот күдіктіні екі айға қамау үшін санкция тағайындады. Қамау мерзімі күдікті ұсталған 23 шілдеден бастап есептеледі",– деп хабарлады облыстық сот.

Еске сала кетсек, 23 шілдеде Сатбаевта үй ауласында ойнап жүрген 5 жасар қыз бала жоғалып, көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен табылған болатын. Баланы ұрлаған күдіктіні тұрғындар заңмен емес, өз қолдарымен жазаламақ болып, полициядан оны беруді талап етті. Полицияға жаппай тәртіпсіздікке ұласудың алдын алу үшін тарқамай тұрған наразы топты сабырға шақыруға, қауіпсіздік шараларын қабылдауға тура келді.

Үй ауласындағы бейнекамерадан баланың подьезге кіргені көрініп қалған. Барлық пәтерлерді тексерген полиция алғашқыда оны таба алмаған. Кейін кинологтар иттің көмегімен күдіктінің пәтерінде диванның астында жатқан баланы тауып алған. Бүгінде Сатпаевта наразы болғандар өртеп жіберген полиция мен тұрғындардың көлігінің жалпы шығыны есептелуде. 

Арайлым Еркебаева 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу