Маңғыстау облысы Құрық ауылында өздігінен көтерілетін "Сәтті" жылжымалы бұрғылау қондырғысы ашық теңізге шықты. Елімізде жасалған алғашқы қондырғы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі қара алтынды алты мың метр тереңдіктен өндіруге мүмкіндік береді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Биіктігі 119 метр, салмағы 11 мың тонна болатын ірі баржаны "Ерсай" кәсіпорны жасап шығарған. Оның құны 270 млн.долларға бағаланады, ал жасауға екі жарым жыл уақыт жұмсалған. Мекеме бұрғылау қондырғысының құрылысына 500-ге жуық жергілікті жұмысшыны жұмылдырған, ал жүзеге аса бастаған жоба 85 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтымақ. Үш корпустан тұратын баржада жатақхана мен тікұшақ қонатын алаң қарастырылған. Ол Каспий қайраңындағы Сәтбаев, Исатай, Жемчужина, Қаламқас, "N" блоктары сияқты он шақты кен орындарын бұрғылайды деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, алып техниканың теңіз жағалауындағы Иран, Түрікменстан елдерінен түскен тапсырыстарды да орындауға қуаты жетеді.
Бұрғылау қондырғысы "ҚазМұнайГаз" ҰК еншілес мекемесі "KMG Drilling & Services" ЖШС-не тиесілі, ал қондырғымен CDC компаниясы жұмыс істейді. Отандық компания өз кезегінде бұл шараны "қазақстандық мұнай сервистік қызметі нарығы үшін тарихи күн" деп атады.
"Бұл жүзбелі бұрғылау қондырғысының бір ерекшелігі – таяз суларда да су іріккіш жүйесі арқылы бұрғылау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі береді. Барлық технологиялық процесс жабық режимде жүзеге асады және бұрғылау ерітінділері теңізге төгілмейді. Экологиялық талаптар барынша сақталады", – дейді KMG Drilling&Services ЖШС бас директорының орынбасары Асқар Нұржанов.
Құралай Қуатова