Бақытжан Бұқарбай баспагерлердің мұң-мұқтажын ашық жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол сөз басында тәуелсіз баспа саласындағы мәселені регламентке сай 3 минутқа сыйдыруға тырысатынын айтты.
– Біз тәуелсіз баспагер ретінде мемлекеттен еш қолдау алмай, өз ісімізді дөңгелетіп келеміз. 8 жылдай болды мемлекет арқамыздан қақпаған, бірақ өзіміз де сұраған емеспіз. Десе де, мемлекетпен жұмыс істегіміз келеді. Қай бағытта? Ең біріншісі, елімізде 10 мыңдай кітапхана бар. Шығарған кітаптарымызды сол кітапханалар сатып алып жатса, жақсы серіктестік болушы еді. Қазір бұған кедергілер бар. Сатып алынатын және сатып алуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі алшақ және адал түрде қалыптаспайды. Мәселен, былтыр 3 министрлік бірігіп, 1700 кітаптан тұратын тізімді бекіткен болатын. Бірақ, одан тәуелсіз баспагерлердің кітабын байқамайсыз. Сол баяғы ескі әдістемемен қалыптасып жатқан тізім. Бұл, әрине, біздің көңілімізді көншітпейді, – деді ол.
Оның айтуынша, жауаптылар нарық заңын ескеруі керек. Соль кезде ғана әділдік орнайды.
– Негізі, осындай тізімдерді қалыптастырған уақытта нарықтық ережелер мен нарықта болып жатқан дүниелермен санасқан дұрыс деп ойлаймын. Бұл дегеніміз не? "Меломан" секілді ірі кітап дүкендері бар. Ол жерлерден сатылым статистикасын алу керек. Нарық қандай кітапқа ақша төлеп тауып беріп жатыр? Мұндай ақпарат сол дүкендерден табылады. Каспи секілді ірі маркетингтер де бар. Бұл – объективті картина беруге көмектесетін құралдар, – деп сөзін жалғастырды баспагер.