"Сауат ашудың" орнына "Әліппе" келеді

1292

"Әліппе" Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалмақ.

"Сауат ашудың" орнына "Әліппе" келеді

2021 оқу жылында 1-сынып оқушылары "Сауат ашу" пәнінің орнына "Әліппе" мен "Ана тілін" оқиды. Бұл жаңалық туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

 "Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары "Сауат ашу" пәнінің орнына "Әліппе" мен "Ана тілін" оқитын болады",– деп жазды министр фейсбуктегі парақшасында.

Ведомство басшысының сөзінше, бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында "Әліппенің" бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда "Ана тілі" пәнін оқиды. Ал орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда "Букварь" мен "Обучение грамоте" пәндері жүргізіледі.

Айта кетсек, "Әліппе" Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалмақ.

"Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған "Әліппе" оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда",– дейді Аймағамбетов.

Фото: anatili.kazgazeta.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу