Компанияның бас инвестициялық директоры Клайв Туртон, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешевпен және "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесуінде Қазақстанның жаңартылатын энергия саласындағы әлеуеті зор екендігін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz
ACWA POWER – жаңартылатын энергия көздері саласындағы, атап айтқанда электр қуаты мен тұщытылған суды өндіру саласындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Компанияның энергетикалық портфелі 13 елдегі 67 активті қамтиды, оның ішінде тиімді аралас циклді электр станциялары, күн және шоғырланған күн (CSP), геотермалдық, жел, қалдықтардан энергияны өндеу (WtE) кіреді. Жобалардың жалпы қуаты 42,7 ГВт электр энергиясынан асады, ал компанияның портфельдік жобаларға салған жалпы инвестициясы 66,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.
"Қазақстан Республикасымен қарым-қатынас біз үшін өте маңызды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында сіздің еліңізде кеңсе ашуды жоспарлап отырмыз. Біз жел электр станциясының жобасын жүзеге асыруға ниеттіміз", – деді Клайв Туртон.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев Мемлекет басшысы Сауд Арабиясына сапары барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы сауд тәжірибесін пайдалануға қызығушылық танытқанын еске салды.
Сауд Арабиясындағы Қазақстанның Елшілігінің қолдауымен, ҚР СІМ, KAZAKH INVEST ұйымдастырған ACWA Power компаниясының Қазақстанға сапары аясында, компания өкілдері сонымен қатар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен және Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақовпен кездесті.