Сауд Арабиясы: Иран кесірінен мұнай бағасы шарықтап кетуі мүмкін

1162

Ел ханзадасы Мұхаммед бин Салман әлемдік көшбасшылар Тегеранның әрекетін тежеуі керек дегенді айтты.

Сауд Арабиясы: Иран кесірінен мұнай бағасы шарықтап кетуі мүмкін

"Егер де әлем Иран әрекетін тежеуге бағытталған шараларды қабылдамаса, Таяу Шығыстағы жағдай одан сайын ушығып кетеді. Оның салдары әлемдік экономикаға кері әсерін тигізеді.Яғни мұнай жеткізілімі іркіліп, шикізат бағасы аспандап кетеді", - деді ол өз сөзінде.

Оның айтуынша, әлемдік мұнай жеткізілімінің 30 пайызы Таяу Шығыстың үлесіне тиесілі, бұл шамамен әлемдік ЖІӨ-нің 4 пайызы. Егер де аймақтағы "қара алтын" өндірісі құлдыраса, әлемдік экономика зардап шегетінін жеткізді.

Айта кетейік, өткен аптада ресми Эр-Рияд Saudi Aramco нысандарына дрондардың көмегімен шабуыл жасады деп Иранды айыптаған болатын. АҚШ билігі де осындай мәлімдеме жасады. Бірақ Иран билігі тағылған кінәні мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты. 

Сонымен қатар Бин Салман 2018 жылдың 2 қазанында Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығында журналист Джамал Хашоггидің өлімі үшін өз елінің жауапты екенін мойындады.

Бірақ ханзада журналистті өлтіру үшін ешқандай бұйрық бермегенін және қылмыстық әрекеттің дайындалып жатқаны туралы мүлдем хабарсыз болғанын айтты.

Айта кететін жайт, маусым айында БҰҰ жариялаған деректе Хашоггидің өліміне Мұхаммед Бин Салманның тікелей қатысы бар екені жазылған болатын. Орталық барлау басқармасы мен өзге де батыстық барлау қызметтері мақалаларында Бин Салманды сынаған Хашоггиді өлтіруге саудиялық ханзаданың бұйрық бергенін мәлім етті. Хашоггидің өлімі бойынша 11 адам қамауға алынған. Осы жылдың қаңтар айында Сауд Арабиясының прокуратурасы оның бесеуіне өлім жазасын кесуді талап еткен.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу