Сауд Арабиясы билігі Йеменде белең алған тырысқақ дертімен күресу үшін 67 миллион доллар қаражат бөлді, деп хабарлайды kazislam.kz.
"Сауд Арабиясы әріптес елдермен гуманитарлық бағытта тығыз байланыс орнатты. Бұл қаражат Йемендегі санитарлық ахуалды жақсартуға, қауіпті дертпен күрес жүргізуге аударылды" деп хабарлады Салман патшаның гуманитарлық көмек орталығының үйлестірушісі және патша сарайының кеңесшісі, доктор Абдулла бин Абдулазиз аль-Рабеа. Оның айтуынша, аталмыш қаражатты бөлу туралы жарлыққа жуырда ғана тағайындалған ханзада Мұхаммед ибн Салман қол қойған.
Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Йеменде күн сайын тырысқақ дерті бойынша 5 мың дерек тіркеледі және дерттің таралу, асқынуын бақылау мүмкін болмай отыр. Бұл дерттен елде 200 мыңға жуық адам зардап шеккен, мыңнан аса адам көз жұмған. Дәрігерлер тырысқақ ауруын әлемдік сипат алған деп бағалады.