АҚШ Энергетика министрі Крис Райттың айтуынша, Иранмен арадағы шиеленіс күшейген жағдайда мұнай бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін бірқатар мемлекеттер алдын ала сақтық шараларын қабылдаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, кейбір одақтас елдер, соның ішінде Сауд Арабиясы, қақтығыс басталмай тұрып-ақ мұнай жеткізіліміне қатысты ықтимал тәуекелдерді ескеріп, мұнайды алдын ала қоймаларға жинақтаған.
– Жеткізу тізбегінде қысқа мерзімді іркілістер болуы мүмкін екенін білдік. Сол себепті біздің кейбір одақтастарымыз, әсіресе Сауд Арабиясы және тағы басқа елдер, Таяу Шығыстан шамамен 10 миллион баррельден астам мұнайды алдын ала қоймаларға сақтап үлгерді, – деді Крис Райт ABC телеарнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ АҚШ тарапы Иран Ормуз бұғазын жауып тастауы ықтимал деген сценарийге байланысты мұнай нарығын тұрақтандыру үшін бірқатар төтенше жоспарлар әзірлегенін мәлімдеді.