Сауд Арабиясы мен БАӘ арасындағы шиеленіскен дауды оңай шешемін – Трамп

Екі ел арасындағы қарым-қатынас Йемендегі жағдайға байланысты күрделене түскен еді. 

Сауд Арабиясы мен БАӘ арасындағы шиеленіскен дауды оңай шешемін – Трамп Фото: Brandon Bell / Getty Images

ТАСС агенттігінің жазуынша, АҚШ президенті Сауд Арабиясы мен БАӘ арасындағы келіспеушіліктерді тез арада реттей алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Флоридадан Вашингтонға ұшқанда БАҚ өкілдері Трамптан Таяу Шығыстағы екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға қатысатынын не қатыспайтынын сұраған. 

– Мен бұл мәселемен айналысып жатқан жоқпын, – деп қысқа қайырды Трамп. 

Десе де, ол қажет болған жағдайда мұны жылдам-ақ жүйеге келтіретінін жеткізді. 

– Мен қос елді татуластыра алар едім. Оны өте оңай шеше аламын. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) келіспеушіліктері бар, біз оны оңай реттей аламыз, – деп нақтылай түсті АҚШ президенті.

Еске салайық, Сауд Арабиясы мен БАӘ арасындағы қатынастар 2025 жылдың желтоқсанында Йемендегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты ушықты. БАӘ қолдайтын Оңтүстік өтпелі кеңес Шығыс Хадрамаут пен Эль-Махра провинцияларына бақылау орнатқаннан соң Йемен билігі БАӘ-мен бірлескен қорғаныс туралы келісімнің күшін жойды да, Сауд Арабиясы бастаған коалициядан әскери көмек сұраған-ды. 

2026 жылдың қаңтарында Эр-Риядта өткен келіссөздер барысында кеңес басшылығының бір бөлігі ұйымның таратылғанын жарияласа да, жетекші Айдарус әл-Зубайди жақтастары бұл шешімді қолдамады. 

11 қаңтар күні Йемен билігі үкіметтік күштер оңтүстік және шығыс аймақтарға, соның ішінде уақытша астана Аденге бақылауды қайта орнатқанын хабардар етті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу