Сауд Арабиясы мұнай бағасын түсірген соң, WTI 1%-ға арзандады

1139

Еуропада және Үндістанда індет өршіп барады. Қытай да қазан айында қара алтын сатып алуға құлықты емес.

Сауд Арабиясы мұнай бағасын түсірген соң, WTI 1%-ға арзандады

Сауд Арабиясы қазан айында сатылатын шикізат бағасын түсірген соң, WTI да 1 пайызға арзандады. Маусым айынан бері қара алтын осынша құнсызданған емес, деп хабарлады Atameken Business.

Бүгін Brent маркалы өнімнің қараша айындағы фьючерсі 1,1 пайызға түсті. Қазір оның баррелі - 42 доллар 16 цент. Өткен жұмадан бері баға 3,2 пайызға арзандады. WTI көрсеткіші де 1,3 пайызға төмендеді. Баррелі - 39 доллар, 22 цент. Бағаның төмендеуіне Сауд Арабиясының Азия елдеріне тасымалды азайтуы және АҚШ-қа экспортталатын тауардың бағасын түсіруі ықпал еткен.

"Арамконың" осындай шешім қабылдауына сұраныстың кемуі себеп. Еуропада және Үндістанда індет өршіп барады. Қытай да қазан айында қара алтын сатып алуға құлықты емес. Өйткені жекеменшік мұнай өңдеу зауыттарының квотасы таусылған. Жанар-жағармайға деген сұраныс бұрынғыдай емес. Бұл келесі айда қара алтынның баррелі орта есеппен 40 доллардан аспайды деген сөз.

Теріскейдегі көршіміз де мұнайдың бағасы пандемияға дейінгі деңгейге 2-3 жылсыз келмейтінін хабарлады. Ресейдің Энергетика министрі келесі жылы баға орта есеппен 50-55 доллар болуы мүмкін деді. Ол коронавирусқа қарсы екпенің қолданысқа шығуы әлем экономикасының біртіндеп қалыпқа келуіне ықпал ететінін айтады. Ал америкалықтар мұнай нарығына қатысты болжамды сәрсенбі күні жариялайды. Әзірге, АҚШ-тағы қордың айтарлықтай азайғаны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу