Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ОПЕК+ қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша ортақ келісімге келе алмағанын мәлімдеді.
"6 наурызда ОПЕК+ қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленінің талаптарына келісе алмады. Ресей өндіруді төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы 8 наурызда әлемнің барлық өңірлері үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтуға дайын екенін хабарлады. Бұл мұнайдың әлемдік бағаларын айтарлықтай төмендетуге алып келді. 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықта бір баррель үшін 31-36,5 АҚШ доллары шеңберінде саудаланды", – деді Ерболат Досаев.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, 9 наурызда офшорлық нарықта рубльдің әлсіреуі мұнай бағасының құлдырауы аясында ең жоғарғы мәнде бір АҚШ доллары үшін 75,4 рубльді немесе 10%-ды құрады.
"9 наурызда сауда-саттық ашылған кезде S&P500 индексі 7%-ға төмендеді. Содан кейін сауда-саттық уақытша тоқтатылды", – деді бас банкир.
Қанат Махамбет