Сауд Арабиясында мұнай экспортына қауіп төнді: қор бірнеше күнге ғана жетуі мүмкін

324

Сауд Арабиясындағы негізгі мұнай тасымалдау бағыттарының бірінің тоқтауы әлемдік нарықтағы мұнай тапшылығын күшейтуі мүмкін. Ел билігі "Шығыс – Батыс" мұнай құбырының жұмысын 11 қыркүйекте тоқтатқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сауд Арабиясында мұнай экспортына қауіп төнді: қор бірнеше күнге ғана жетуі мүмкін Фото: cts-22.com

Reuters агенттігінің хабарлауынша, егер құбыр жақын күндері қайта іске қосылмаса, Қызыл теңіз жағалауындағы порттарда экспортқа арналған мұнай қоры азаюы мүмкін. Бұл әлемдік нарықтағы мұнай жеткізілімін шамамен 4%-ға қысқартуы ықтимал.

Құбырдың жұмысы дрон шабуылдарынан кейін қауіпсіздік мақсатында тоқтатылған. Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі мұнай тасымалын уақытша доғару туралы шешім қабылданғанын растаған.

Алайда билік құбырдың қаншалықты зақымданғанын және оны қашан қайта іске қосатынын әзірге айтқан жоқ. Reuters дереккөздерінің бірі жөндеу жұмыстарына 5-6 апта кетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Тағы бір дереккөз құбырдың жөндеу толық аяқталмай тұрып-ақ ішінара жұмысын бастауы ықтимал екенін жеткізді.

Ұзындығы шамамен 1200 шақырым болатын "Шығыс – Батыс" құбыры елдің шығысындағы мұнай кен орындарын Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портымен байланыстырады. Құбырдың тәулігіне 7 млн баррельге дейін мұнай өткізу мүмкіндігі бар.

Соңғы айларда бұл бағыт арқылы тәулігіне 4-5 млн баррель мұнай тасымалданған. Бұл әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 4%-ына тең. Құбырдың басты артықшылығы – мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп, Қызыл теңіз арқылы экспорттауға мүмкіндік беруі.

Reuters сөйлескен үш дереккөздің мәліметінше, Янбу портындағы мұнай қоры қазіргі экспорт көлемін шамамен 5-7 күн қамтамасыз етуге жетеді. Сауд Арабиясы бұдан бөлек, Мысырдағы Айн-Сохна мен Сиди-Керир порттарында сақталған мұнайды пайдалана алады. Алайда бұл қор да ұзақ мерзімге жетпейді.

Янбу портындағы қоймалардың жалпы сыйымдылығы шамамен 35 млн баррель болса, Айн-Сохнада – 18 млн, Сиди-Керирде 20 млн баррельге дейін мұнай сақтауға болады. Дегенмен қоймалар толық көлемде толтырылмаған.

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, тамыз айында Сауд Арабиясының мұнай экспорты соңғы 30 жылдан астам уақыттағы ең төмен деңгейге түскен. Бұған Ормуз бұғазы мен Қызыл теңіз арқылы мұнай тасымалының қысқаруы себеп болған.

Сондай-ақ елдің мұнай өндірісі де айтарлықтай азайған. Сауд Арабиясы ОПЕК-ке ақпанда тәулігіне 10,9 млн баррель мұнай өндіргенін хабарласа, тамызда бұл көрсеткіш 6,2 млн баррельге дейін төмендеген.

Мұнай экспортының одан әрі қысқаруы әлемдік нарықтағы тапшылықты күшейтіп, бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жаһандық инфляцияға қосымша қысым түсіруі ықтимал

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу