Енді Сауд Арабиясында сотталған қазақстандықтар жазасын елінде өтеуге тиіс. Бүгін сенат депуттары осыған мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Екі ел арасындағы бұл келісім 2016 жылы Эр-Риядта жасалған. Мақсаты – сыртта істі болған отандастарымызды экстрадициялау. Сондай-ақ, келісімге сәйкес, тараптар бір-бірінің аумақтарында жүрген күдікті тұлғаларды да ұстап беруі тиіс.
Айта кетейік, Сауд Арабиясы Қазақстамен "Ұстап беру туралы" келісімді бекітіп отырған бірінші мемлекет. Бүгінде шет мемлекеттермен екіжақты экстрадициялау жөнінде 18 келісім жасалған екен. Ал бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин Сауд Арабиясында жасырынып жүрген қазақстандықтардың жоқ екенін айтады.
Андрей Лукин, ҚР бас прокурорының орынбасары:
"Егер Қазақстанның азаматы Сауд Арабиясында қылмыс жасап, сотталса, ол жазасын өз елінде өтей алады. Өз кезегінде Қазақстанда сотталған Сауд Арабиясының азаматы да туған елінде жазасын өтейді. Осылайша, бұл келісім шетелде сотталған қазақстандық азаматтарды қорғауға бағытталған".