Әйтсе де салаға қатысты көңілді түсіретін хабарлар таусылар емес. Таяуда Halyk Finance сараптама орталығы биыл алғашқы 5 айда Қазақстанның ішкі саудасы төмендеп кеткенін жариялады. Ішкі сауданы сөз етуіміз бекер емес, өйткені сала халықтың сатып алу мүмкіндігін анықтайтын басты көрсеткіш іспетті. Жалпы ішкі өнімнің 19 пайызын осы сала қамтып отыр. Жұмыспен қамтылғандардың 17 пайызын еншілеген. Ал ішкі сауда төмендеген кезде жоғарыда көрсетілген пайыздар да төмен құлдырайды.
Нақтысын айтқанда, бұған әсер еткен бірінші фактор – халықтың сатып алу қабілеті төмендеген. Яғни, елде нақты табыс төмендеген соң жұртшылық ақшасын үнемдеуге көшті. Тұрмыстық техника мен смартфондарды былай қойғанда, ел азық-түліктен де ақша үнемдей бастаған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар-мамыр аралығында сауда саласының өсу қарқыны былтырғымен салыстырғанда сәл саябырсыған. Былтыр осы кезеңде сауда көлемі 7,8% өссе, биыл 5,6% болып тұр. Әйтсе де бір тұсы, биыл азық-түлік тауарларының сатылымы 10,7%-ға артқан, есесіне азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасы 0,7%-ға ғана өскен. Демек, халық ақшасын тек азық-түлікке жұмсап жатыр.
Осыған дейін талай айтқанымыздай, елдің нақты табысы төмендегенін Ұлттық статистика бюросы да растайды. Былтыр төртінші тоқсанда жан басына шаққанда орташа ақшалай табысы 254,4 мың теңгені құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бар болғаны 9,8 пайызға көп. Бірақ 10 пайыздан асып үлгерген инфляция бұл көрсеткішті "жұтып жіберген", шындығында табыс көбеймеген.
Экономист Айдархан Құсайыновтың пайымынша, халық тауарлар мен қызметтерді сатып алады, сол арқылы кәсіпорындар табыс тауып, жұмысшыларына жалақы төлейді. Осылайша ақша айналып, экономика жақсарады. Бірақ жұртшылық отандық емес, шетелдік өнімдерді сатып алса, одан аса жақсылық болмайды, қаржының басым бөлігі шетелге кетеді.
"Мемлекеттік шығыстардағы әрбір 100 теңгенің 80 теңгесі шетелдік өндірушілерге кетеді. Экономикалық белсенділік арттырудың орнына басқа елдердің әл-ауқатын жақсартып отырмыз. Тұтынушылық шығындардың 30%-ы шетел экономикасына жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда халықтың әл-ауқатын, табысын және сатып алу қабілетін тұрақты арттырып отыру қиын", – деп жауап берген сарапшы.
Бір қызығы, осындай кезеңде шикізаттың, несиенің, сауда үстемесі мен салықтардың пайызын арзандатқанымызбен, мәселе шешіле салмайды екен. Өйткені нарық заңы бар, арзандаттық делік, халыққа пайдалы болғанымен, кәсіпкерлер шығынға батады. Түптеп келгенде, одан экономика нығаймайды, керісінше екі тараптың да ахуалы кері кетеді. Бұдан бөлек, экономикада мұнай мен металл секторынан, пайдалы қазбалардан басқа салалар әлсіз болып тұрса, алдыңғыларының мықты болып тұрғанына қарамастан, жалпы экономика зардап шегеді. Яғни, экономика бүкіл тіршілікпен қабысып жатқан сала, бір тұсы әлсіз болса, басқасы да тежеледі.