Ұлттық Банк 2022 жылдың IV тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады, деп жазады inbusiness.kz.
"Нақты сектордағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнаманың қорытындысы тау-кен өнеркәсібінде – дайын өнімге, көлік пен қоймада сақтауда – сұранысқа қатысты жағдай жақсарғанын, ал сауда саласында, керісінше, нашарлағанын көрсетті. Сауда мен құрылыста сұраныс көрсеткіштері теріс аймақта тұр. 2023 жылдың I тоқсанында ауыл шаруашылығынан басқа барлық салада сұранысқа қатысты жағдай жақсарады деп күтілуде", – деп түсіндірді Денис Чернявский.
Сауданы қоспағанда, барлық салада шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны баяулады. Тау-кен өнеркәсібінен өзге салаларда дайын өнім бағасының өсу үрдісі де бәсеңдеді. 2023 жылдың I тоқсанында осы баяулау үрдісі жалғасады деп күтіледі.
2022 жылдың IV тоқсанында тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі салаларында, сондай-ақ көлік пен қойма саласында өндіріс көлемі өскен. 2023 жылдың I тоқсанында барлық салада өндіріс көлемі ұлғаяды деп күтіледі.
"Өндірістік қуаттардың жүктемесі – өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, сондай-ақ көлік пен қоймада сақтауда да өсті. Өндірістік қуаттарды жүктеудің жоғары деңгейі тау-кен өндіру өнеркәсібінде сақталып отыр.
Сату рентабельділігі ауыл шаруашылығында ғана өсімді көрсетті. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде сатылым рентабельділігі (44,0%) басқа салаларға қарағанда айтарлықтай жоғары болды", – деп түсіндірді Денис Чернявский.
Сауалнамаға барлығы 2,6 мыңнан астам тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік пен қойма кәсіпорындары қатысты.