Бұған дейін "қор жеткілікті" деп қаннен-қаперсіз жүрген Сұлтанов амалсыздан тауарды Үндістаннан алдыруға көшкен. Ал министрлікке қарасты сауда комитеті "тәтті түйіршіктер тапшылығы жоқ, тек тасымалдауда кідіріс бар" деп басқаша жауап қатты. Кімге сенерін білмей қалған жұрт болса, қант үшін әлі таласып жатыр. Кей өңірлерде өнім тек шектеулі көлемде сатылуда. Қант нарығын Динара Жоламанқызы назарына алды.
Осыған дейін қанттың келісін 290 теңгеден сатып келген Жамбыл облысындағы зауыттар, бағаны бірден бір жарым есеге көтермек. Себебі тәтті ұнтақты шығаратын отандық зауыттар Бразилиядан келетін шикізатқа тәуелді. Ал "қант қамысы" деп аталатын шикі өнім қазір қымбаттап кеткен. Бұрын Ресей арқылы алдырып келген өндіріс орындары, қазір Грузия арқылы тасымалдауға мәжбүр. Сәйкесінше, баға өсіп, зауыттың өзінде құмшекер құны 440 теңгеге жеткен.