Бұл туралы ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бизнестің жол картасы шеңберінде салалық Ережелерге тиісті өзгерістер енгізілді, бірлескен бұйрық қабылданды, онда сауда объектілерін салу, реконструкциялау және айналым қаражатын толықтыру үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Бұл ретте отандық агроөнеркәсіптік өнімдерді өндірушілердің сауда сөрелеріне кіруі бойынша қарсы міндеттемелер белгіленеді", - деді спикер.
Сонымен қатар сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасы бекітілді.
Сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесі 33%-ға дейін жетті, оның ішінде 19 базарды жаңғырту, сауда орталықтарын салу және сақтау инфрақұрылымы есебінен ұлғайтылды.
"Жалпы Жол картасында 75 базарды жаңғырту көзделген. Бүгінгі таңда сауда базарлары, қала құрылысы, санитарлық, өрт стандарттарына сәйкес келе бермейді. Сондықтан, біз қазір өңірлерге барып, базарларды жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізіп, жаңғырту қажет объектілерді анықтап жатырмыз", - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қосымша 64 жаңғыртылуы қажет сауда базары анықталды.