Елімізде өрт қауіпсіздігі сақталмаған сауда орталықтарына 16 млн теңгеден астам айыппұл тағылды, деп хабарлайды 24.kz.
Азаматтық қорғау органдары екінші сәуірден бастап жалпы ауданы мың жарым шаршы метрден асатын кешендерді тексерген.
Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінде 851 нысан қаралып, 10 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Олардың қатарында сауда орталықтарындағы қосымша шығу есіктерінің жабық болуы, дүкендердің эвакуациялау жолдарында орналасуы мен кешеннен шығу жолдарын көрсететін белгілердің болмауы жиі кездеседі.
Сонымен қатар азаматтарды ақпараттандыру мақсатында төтенше жағдайлар комитетінің сайтында "Тексеру қорытындылары" айдары ашылды. Ал 31 мыңнан астам адам өрт қауіпсіздігі талаптарын қадағалау бойынша оқыту нұсқаулықтарымен танысты.
"Біз тексеріс жұмыстарын прокуратураның талабы бойынша жүргіземіз. Барлығы мыңнан аса сауда орталығы тексеріледі. Заңбұзушылық анықталған жағдайда түзету шараларына белгілі бір уақыт беріледі. Егер еш нәтиже болмаса, құжаттар сотқа жолданады", - дейді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.