Бейсенбі күні Қазақстан азаматы Мұхит Омар Сауд Арабиясынан Астанаға жеткізілді, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
"Ол ЖШС-ның басқарма төрағасы болып тұрған кезінде 200 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырып, осылайша мемлекеттің бағынысындағы "Ұлттық инновациялық қор" АҚ-ға, сондай-ақ жеке кәсіпкерге 150 млн теңге және "Нұрбанкке" 240 млн теңге шығын келтірген. Келтірген шығынның жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайды", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі таңда М.Омар Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Баспасөз қызметінің айтуынша, Қазақстанның бас прокуратурасының іздеуде жүрген адамды тапсыру туралы өтінішін Саудияның құзырлы органдары алғаш рет қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ сотталғандарды ұстап, тапсыру туралы Сауд Арабиясымен мемлекетаралық келісім осы жылдың қазан айында жасалғанын тілге тиек етіп өткен.