Сәуір айында Қазақстанда отандық және шетелдік туристерге арналған бірқатар ауқымды мәдени-туристік іс-шаралар ұйымдастырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
22–26 сәуір күндері Астанада Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі өтеді. Көрме аясында жаңа кітаптардың таныстырылымы, авторлармен кездесулер және білім беру сессиялары ұйымдастырылады. Іс-шара әдебиетсүйер қауым мен баспа саласының мамандарын бір алаңға жинайды.
23–24 сәуірде Жамбыл облысында "Тараз – қолөнершілер қаласы" этномәдени фестивалі өтеді. Қонақтар қолөнер көшесін аралап, шеберлік сабақтарына қатысып, халық шеберлерінің бірегей туындыларымен таныса алады.
Ал 26 сәуірде Қостанай облысында алғаш рет TechTrail Qostanai отбасылық техно-фестивалі ұйымдастырылады. Бағдарламада инженерлік квесттер, интерактивті зертханалар және өндіріс орындарына экскурсиялар қарастырылған.
Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстан бойынша жалпы саны 55 ірі мәдени-туристік іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар елдің туристік әлеуетін арттырып, өңірлердің тартымдылығын күшейтуге бағытталған.