Сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді

231

Қазақстан Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанмен тиісті хаттамаға қол қойды.

Сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді Фото: Министрлік

1-ші сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көрші елдермен тиісті келісімге келді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 85-ші отырысы аясында талқылау болды. Жиын барысында Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндеріндегі су қоймалары каскадтарының болжамды жұмыс тәртібі кестесі мен 2023-2024 жылғы вегетациялық кезеңде су алу лимиті көрсетілген хаттамаларға қол қойды. Сондай-ақ МСШҮК-ның 86-шы отырысы келесі жылдың басында Қазақстанда өтетін болды. 

Осылайша, 1-ші сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Ал "Достық" мемлекетаралық каналы бойынша 487 млн текше метр су алу күтіледі. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне қажетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, МСШҮК мүшелері "Сырдария" өзені бассейніндегі су қоймалары каскадының жұмыс тәртібіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету туралы және болжамнан ауытқу анықталған жағдайында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанды дереу хабардар ету жөнінде тапсырма берді.

"Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы табысты өтті. Біз бүкіл аймақ үшін өте маңызды мәселелердің тиімді шешімін табу үшін талқылау жасадық. Атап айтқанда, Сырдария мен Әмудария өзендерінен су алу көлемі бойынша келісімге келдік. Бұл мәселеде біз күш – жігерімізді жұмыла кіріскенде ғана Орталық Азияда су ресурстарын ұтымды пайдалану мен үнемдеуді қамтамасыз ете аламыз", - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу