Саяхатшы Лоран Маэ велосипедпен 9 мың шақырымды жүріп өтіп, Алматыға жетті

1018

Биыл Алматы қаласы мен Францияның Бретань аймағының астанасы Ренн қаласы арасындағы бауырластыққа мерейлі 30 жыл толды. Пандемия кезінде бірлескен сапарлардың орнына велошеру өткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.  

Саяхатшы Лоран Маэ велосипедпен 9 мың шақырымды жүріп өтіп, Алматыға жетті

Бүгін 44 жастағы саяхатшы Лоран Маэ Алматыға келіп, велошеруді аяқтады. 3,5 ай ішінде 9 мың шақырымды жүріп өтіп, 15 елде болды. Саяхатшыны қалаға кіре берісте "Almaty Cycling Team" континентальды команданың велосипедшілері қарсы алып, "Қазақстанның Тәуелсіздігі" монументіне алып барды, қонақты ол жерде қала әкімшілігі жылы қарсы алды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Алматы мен Реннің арасындағы бауырластық Тәуелсіздіктің таңында, 1991 жылы басталғанын атап өтті. Жылдан жылға екіжақты қарым-қатынас нығая түсуде. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық белсенді түрде дамуда, өзара Мәдениет күндері, көрмелер, концерттер өткізілуде, 20 жылдан бері Ренн мен Алматының отбасылары біріне бірі қонаққа барып, өзара дәстүр мен тұрмысты кеңінен тануда, қалалар мектептері арасында ынтымақтастық қалыптасуда. Осыдан 5 жыл бұрын Ренн қаласындағы "Алматы" бағында бауырластықтың 25 жылдығына орай қазақтың ұлы философы мен ойшылы Абайдың бюсті ашылған еді.
 
Өз кезегінде велосаяхатшы Лоран Маэ Ренн қаласының мэрі Натали Аппердің хатын оқып берді.
 
"Лоран Маэ мырзаның адами және спорттық ерлігі Ренн мен Алматы тұрғындары үшін батылдық пен достықтың үлгісі болып табылады. "Баршаңызды Алматы күнімен құттықтаймын", - делінген хатта".

"Ренн қаласы Алматымен бауырластығына 30 жылдай болған ынтымақтастық пен достықты одан әрі нығайтуға ниетті. Лоран Маэнің ерлігі – осының айқын дәлелі. Бауырластығымыз, достығымыз нығая берсін", - деді Францияның Бас консулы Алексис Шахтахтинский.
 
"Алматы-Ренн және әлем қалалары достығы қоғамының" Вице-президенті Айгүл Қасымбек екі қала арасындағы достықты нығайту мақсатында қандай шаралардың жүзеге асырылып жатқанын айтты. Мысалы, Алматы мектептері мен жоғары оқу орындарында француз тілін үйренуді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетерлігі, Лоран Маэ 15 жасынан бастап Ұлы Жібек жолын көруді және онымен жүріп өтуді армандаған екен.

"Қазақстанға келген бойда бәрі жақсы өтіп жатыр. Мен Шымкент, Тараз, Түркістан, Шу қалаларында болдым және қазақтардың мені өте жылы қарсы алғанын айтқым келеді. Еуропада болғанымда жаңбыр көп жауды, кейде қар астында қалған кездерім болды. Бірақ Қазақстанға келгеннен кейін барлық қиындықтар мен қолайсыз ауа райы артта қалды. Мен велосипедпен саяхатқа шыққан кезде үш мақсатты алдыма қойдым. Ренн-Алматы қалаларының 30 жылдық бауырластығын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту және сіздің елді көру жөніндегі көптен бергі арманымды іске асыру. Соның барлығы орындалды", - деді Лоран Маэ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу